«Сам жалпы білім беретін мектеп» КММ мектеп кітапхана меңгерушісі А.Турсынбаеваның ұйымдастыруымен оқушылар мен ата-аналарды кітап оқуға тарту, отбасылық оқырман мәдениетін қалыптастыру, ата-аналар мен балалардың рухани байланысын нығайту мақсатында — жыл бойы жалғасқан «Оқырман отбасы» марафонының соңғы қорытынды кезеңі өткізілді. І кезеңде Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабы, ІІ кезеңде Ш.Мұртазаның «Бір кем дүние» кітабы бойынша сайысып 10 қатысушының ішінен суырылып, сүрінбей өтіп, финалға дейін жеткен оқырман отбасылар:
1. 6 «А» сынып оқушысы Балтабай Ринат анасы Жұмабаева Еркінай
2. 5 «Б» сынып оқушысы Жасан Қазына анасы Таңбаева Толғанай
3. 5 «В» сынып оқушысы Аманбай Расул анасы Кауханова Бақтылы қатысты.
«Оқырман отбасы» сайысының басты рухани тірегі — ұлы ойшыл, хакім Абай Құнанбайұлының мәңгілік мұрасы — «Қара сөздер» кітабы. «Қара сөздер» — жай ғана әдеби шығарма емес. Бұл — ұлттың рухани айнасы, адамгершілік пен білімнің шамшырағы. Абай атамыз бұл еңбегінде қазақ қоғамының болмысын, адам мінезін, тәрбиенің мәнін терең талдап, ұрпаққа бағыт-бағдар береді.
Сайыс шарттары:
1-шарт: «Қара сөз – қазына» деп аталады. Бұнда аналарымызға және оқушыларға жас ерекшелігіне қарай Абайдың бір қара сөзі беріледі. Қара сөздің мазмұнын айтып береді. Сосын , әр қара сөз бойынша 5 сұрақ қойылады. Қатысушыларымыз сұрақтарға толық әрі мазмұнды жауап берді.
2-шартты біз «Жүректен шыққан сөз» деп атадық. Себебі бұл шартта Аналар – «Менің қара сөзім» атты ойтолғау, ал, балалар – Абайға хат жазады. Бұл шартты біз қатысушыларымызға «Құпия тапсырма» деп алдын ала айтпаған болатынбыз. Себебі, Бұл – тек қатысушылардың жеке ойларынан туындайтын шығармашылық жұмыс болуы керек.
Аналар Менің қара сөзім деп ой толғау жазды. Қара сөздің мәтініне шектеу жоқ, бірақ рухани және тәрбиелік мәнді сақтау маңызды. Бұнда, Тіл көркемдігі, ойдың анықтығы, жүйелілігі, қазіргі қоғам мәселесін көтеруі, отбасы тәрбиесі жайлы ойы, Абай стилине жақындығы бағаланды.
3-шарт «Толық адам тағылымы»
Оқушыларымыз Абайдың 17-қара сөзі бойынша сахналық көрініс көрсетті.
Бұл шартта кейіпкер бейнесін ашу шеберлігі, сахналық мәдениетіне қарай бағаланады.
Осы шарттар бойынша бағалап барушы әділ қазылар:
Ауданымызда жастарды кітап оқуға баулып, рухани құндылықтарымызды насихаттап жүрген азамат Жанбай Найзабек Қонысбайұлы – «Тұлға» оқу орталығының директоры бүгінгі сайысымызға әділқазылық етті.
“Оқырман отбасы – 2025” кітап оқу марафонын өткізуге қолдау көрсетіп, рухани байлықты насихаттауға атсалысып, кітапқа, білімге деген жанашырлығы мен игі істері үшін демеушімізді ерекше атап өткіміз келеді. Сайысымыздың демеушісі, сайыстың әділқазы мүшесі — Раматуллаева Калия Сактапбергенқызы — Кәсіпкер, Мансур 777 сауда желісі
Мектебімізде пән бірлестіктері арасында өткен «Біз оқыған бір кітап…» атты сайыс жеңімпазы, кітапқұмар Қалдыбаева Айжан Әжіханқызы — мектебіміздің информатика пәні мұғалімі әділқазылық етті.
Сайыс тартысты әрі қызықты өтті.
Әділқазылардың шешімімен:
І орын 5 «В» сынып оқушысы Аманбай Расул анасы Кауханова Бақтылы
ІІ орын 6 «А» сынып оқушысы Балтабай Ринат анасы Жұмабаева Еркінай
ІІ орын . 5 «Б» сынып оқушысы Жасан Қазына анасы Таңбаева Толғанай иеленді.
Жеңімпазға демеушіміздің велосипед сыйлығы, ақшалай сыйлық және Мансур супермаркетінен тәттілер берілді. ІІ орын жеңімпаздарына Мектеп директоры А.Айткуловтың демеушілігімен колонка берілді.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы өзінің Қара сөздер жинағындағы 38-қара сөзінде: «Ғылым -білімді әуел бастан бала өзі іздеп таппайды. Басында зорлықпен яки алдаумен үйір қылу керек» — деп жазады. Біздің бүгінгі «Оқырман отбасы» сайысын ұйымдастырудағы мақсатымыз да — дәл осы. Баланы сайыс арқылы қызықтырып, сайыс арқылы ынталандырып, кітап оқуға баулу. Егер бүгінгі сайыс бір баланың жүрегінде кітапқа деген сүйіспеншілік оятса, бір отбасының кешкі уақытын бірге кітап оқуға бұрса — онда біздің мақсатымыз орындалды деп білеміз.Бүгін біз жай ғана сайыстың куәсі болған жоқпыз. Біз — рухани кештің, тағылымды ойдың, парасатты пікірдің ортасында болдық. Бұл кештің өзегі — ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының мәңгілік мұрасы — Қара сөздер.Абайдың қара сөздері — уақытпен өлшенбейтін, ұрпақпен жалғасатын асыл қазына. Бүгінгі сайыс барысында әр отбасы Абай сөзін тек жатқа айтып қана қойған жоқ, оны жүрекпен сезініп, оймен таразылады.Абай айтқандай, «Толық адам» болу — әрқайсымыздың өмірлік мұратымыз. Осындай рухани байқаулар арқылы біз сол биікке бір қадам жақындай түсеміз. Бүгін жеңімпаз анықталғанымен, шын мәнінде бұл кеште бәріміз жеңімпазбыз. Себебі біз кітапқа бет бұрдық, ойға тоқтадық, рухымызды байыттық.
Ұлы Абай сөзі әр шаңырақтың шамшырағы болып, әр отбасының жүрегіне жарық нұр сыйлай берсін!

